Алматыда су үнемдеу технологиясын енгізбеген көлік жуу орындары судан ажыратылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көлік жуу орындары су үнемдеу және қолданылған суды қайта пайдалану технологиясын қаншалықты пайдаланып жатыр? Kazinform тілшісі анықтап көрді.
2024 жылы Алматыға жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бау-бақшаны суару мен көлік жуу үшін ауыз суды пайдалануға болмайтынын айтты. Президент тапсырмасынан кейін қаладағы жағдай қалай өзгергенін анықтау үшін қала әкімдігіне жүгіндік.
Ресми сауалға Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасына қарасты «Алматы Су» кәсіпорны жауап берді. Олардың мәліметінше, мегаполистің көлік жуу орындарында суды үнемдеу және суды қайта пайдалану технологиясын енгізу үшін 427 нысанға техникалық талаптар жіберілген. Оның ішінде 152 көлік жуу нысаны талаптарды орындап, қажетті технологияларды енгізген.
— Су кодексінің негізгі қағидаттарының бірі суды ұтымды және тиімді пайдалану. Ал ҚР Су кодексінің 18-бабы 2-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, су тұтынушылар су үнемдеу технологияларын, суарудың прогрессивті техникасын, айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелерін енгізуге, судың өнімсіз ысырабын азайтуға міндетті, — деп түсіндірді кәсіпорын.
«Алматы су» заңнамада көрсетілген талаптарды орындамаған нысанды орталықтандырылған су жүйесінен ажыратуға немесе шектеуге құқылы екенін атап өтті. Биыл қалада 68 көлік жуу орнын сумен жабдықтау қызметтері уақытша тоқтатылған. Техникалық талаптар орындалған кезде оларға су беру қайта жанданады.
Одан бөлек кәсіпорын суды пайдаланудың тиімділігін арттыру және су жоғалтуды азайту мақсатында су үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Олардың қатарына су тұтынуды есепке алудың автоматтандырылған жүйелері, желілердің техникалық жай-күйін мониторинг жасау және су сапасын бақылау жұмыстары кіреді. Сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалануға тұтынушыларды ынталандыру мақсатында Алматы қаласында тұтыну нормалары бойынша сараланған «әлеуметтік нормалар» енгізілді.
— Бұл ретте суды үнемсіз пайдаланатын және су есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін тарифтер жоғары деңгейде белгіленеді. Ал су есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін су тұтынудың жаңа нормалары қабылданды. Аталған нормалар 1989 жылдан бері алғаш рет өзгертілді. Нәтижесінде тұрғын үйлерді су есептеу аспаптарымен жабдықтау деңгейі 2024 жылдан бері 63%-дан 85%-ға дейін артты, — делінген кәсіпорын жауабында.
Еске салайық, Алматыда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын 2025–2029 жылдары жүзеге асыру жоспарына сәйкес, «Жасыл мектеп» жобасын іске қосу жоспарланған. Ол бойынша оқушылар арасында су үнемдеу тақырыбында сынып сағаттары өткізілетін болады.