«Алматы Су» мәліметінше, жаңа Су кодексінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және ағын сулардың ластануын азайту көзделген. Осы бағыттағы шаралардың бірі – суды көп тұтынатын нысандарда суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу.
— Жыл басынан бері Алматыдағы 300 автожуу орны алғаш рет айналымды сумен жабдықтау жүйелерімен жабдықталды. Сонымен қатар орталық кәріз жүйесіне төгілетін өндірістік ағын суларға және жергілікті тазарту құрылыстарын пайдалануға қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Ал қоғамдық тамақтану орындарында, яғни барлық мейрамхана мен кафеде майұстағыштарды дұрыс әрі уақытылы тазалап, талапқа сай пайдалануды қамтамасыз ету қажет, — деді «Алматы Су» сату департаментінің директоры Серік Шагиров.
Оның айтуынша, бұл шаралар кәріз жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, ағын суларды тазарту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «Алматы Су» су дайындау технологиялық үдерістерінде суды қайта пайдалануды кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ кәріз тазарту құрылыстарын жаңғырту аясында ағын суларды тазарту сапасын арттыру көзделген.
Бұған дейін «Алматы Су» компаниясы 2026 жылғы 1 қазаннан бастап су тарифтері өзгеретінін хабарлады.