Алматыда суға түсуге болмайтын 9 су қоймасы аталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Суға шомылатын маусым кезіндегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында Алматыда «Мамыр қаупі» кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қала аумағы мен тауға жақын жерлерде орналасқан 44 су қоймасының 9-ы суға түсуге қауіпті. Олар:
1. «Шаңырақ» ықшам ауданындағы Үлкен Алматы өзені – Алатау ауданы;
2. «Дархан» ықшам ауданындағы Үлкен Алматы өзені – Алатау ауданы;
3. Әл-Фараби мен Навои көшелері маңындағы Үлкен Алматы өзені - Бостандық ауданы;
4. «Кемел» ықшамауданындағы «Первомайские пруды» – Жетісу ауданы;
5. Кіші Алматы өзені (Бутаковкаға бұрыла бергенде) – Медеу ауданы;
6. Юннатское өзені – Медеу ауданы;
7. «Қарасу» ықшам ауданындағы тоған - Алатау ауданы;
8. Аэропортовское өзені – Түрксіб ауданы;
9. Қарасу жақтағы өзен (Шестуха) – Түрксіб ауданы.
- Төрт жерде – Сайран көлінің батыс және шығыс жағында, «Гүлдер» демалыс орны мен «Баум» бағының аумағындағы жағажайда ғана суға түсуге рұқсат. Бірақ қазір бұл су қоймалары суға тола қоймаған. Сайран көлінде былтырдан бері жағалауды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы өзені гидротехникалық құрылымдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр,- деді Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов.
Сонымен бірге ол былтырдан бері қауіпті су қоймаларына камералар қойылып, оларды арнаулы компьютерлерде судағы құтқару қызметінің мамандары бақылап отыратынын атап өтті. Камерадағы бейнелерді құтқарушылар смартфоннан да көріп отыра алады. Жалпы былтыр суға түсудің әдеп-ережесін өрескел бұзған 40 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
Еске салайық, бұған дейін Қапшағай су қоймасы екінші жыл қатарынан 100% толғанын жазғанбыз.