Алматыда су қорғау аймағындағы 17 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сот шешімімен Алматының Медеу ауданындағы Бекенбай өзені арнасының су қорғау аймағында орналасқан (Мұзтау шағынауданы, бұрынғы Бутаковка) жалпы аумағы 7,7 гектардан асатын 17 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: АШМ

— Алматы әкімдігінің жерді пайдалану мәселесіне жүргізіп отырған жүйелі мониторинг жұмыстарының арқасында жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Тексеру барысында аталған жер учаскелеріндегі жылжымайтын мүлік нысандарының кадастрлық төлқұжаттарын рәсімдеу кезінде заңбұзушылықтар анықталды, — делінген хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша Алматының жер ресурстарын басқару департаменті 17 жер учаскесіне қатысты сәйкестендіру құжаттарының күшін жою туралы нұсқама шығарды. Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, департамент Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арызбен жүгінді.

Сот талап-арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес заңсыз рәсімделген жер учаскелерін анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 14 гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылғанын хабарлағанбыз.