Алматы сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері сүт безі обыры 374 тұрғынан анықталды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

Сүт безінің қатерлі ісігі – әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрінің бірі. Алматыда жыл сайын 700-ге жуық жаңа жағдай анықталады, яғни бұл диагноз күніне екі әйелге қойылады.

Алматы онкологиялық орталығының маммолог-дәрігері Наилям Ақжолованың айтуынша, сүт безін жүйелі түрде өздігінен тексеру және өзгеріс анықталған жағдайда дәрігерге бару сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың негізгі шарасы.

Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

«Өздіген тексеру айына бір рет бір күні, етеккір аяқталғаннан кейінгі алғашқы бірнеше күнде жүргізілуі керек. Егер кеудеде түзіліс, сыртқы көріністің өзгеруі, емізікшеден сұйықтық ағу, емізік немесе ареола пішінінің өзгеруі, терінің қызаруы байқалса, бірден дәрігерге қаралу керек. Әйел атаулы ештеңе ауырмаса, дәрігерге барып, УДЗ-ге, маммографияға түсудің қажеті жоқ деген стереотипті бұзуы керек», - дейді Наилям Ақжолова.

Дәрігердің сөзінше, сүт безі қатерлі ісігінің барлық себебінің шамамен 10%-ы генетикалық өзгеріске байланысты. Алайда бұл аурудың көп жағдайы өмір салты мен репродуктивті мінез-құлық факторларына байланысты, оларды бақылауға болады.

«Метаболизм процесі медицинадағы ең үлкен проблеманың бірі. Ерте етеккір және кеш менопауза сүт безі қатерлі ісігінің қаупін екі есе арттырады. Миома, эндометриоз, аденомиоз, қант диабеті, гипотиреоз және сүт безінің қатерсіз ісіктері сияқты гинекологиялық аурулар да қауіпті арттырады. Босанбаған немесе босанғаннан кейін емізбеген әйелдерде қатерлі ісікке шалдығу қаупі 1,5 есе жоғары, жүктілікті тоқтату да қауіпті арттырады», - деп атап өтті дәрігер.

Маман сүт безі қатерлі ісігі ерте сатысында анықталса, онда қазіргі емдеу әдістерімен оны 100% емдеуге болатынын жеткізді.

«18-20 жастан бастап әрбір қыз бала өз денесін күтіп, жүйелі түрде профилактикалық тексеруден өтуі керек», - дейді Наилям Ақжолова.