Алматыда тағы 100 мектеп автобусы сатып алынды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда шалғай аудандардан оқушыларды тасымалдау үшін тағы 100 мектеп автобусы іске қосылады.

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, «Мектеп автобусы» жобасы аясында оқушыларды тасымалдау үшін тағы 100 автобус сатып алынды. Жаңа мектеп автобустарын ескере отырып, 14 мың баланы тасымалдау қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 

Автобустар шалғай және жету қиын аудандарда тұратын балалар оқитын мектептерден түсетін өтінімдерге қарай жаңа бағыттарға жіберіледі. Бұл басымдықтардың бірі, себебі соған сай мектеп автобустары бөлінеді. Әрбір мектеп үшін оқушылардың тасымалдануын қамтамасыз ету үшін егжей-тегжейлі маршруттық парақтар әзірленген.

Фото: Алматы әкімдігі

«Қалалық мобильділік басқармасы отандық Yutong маркалы автобустарды сатып алды. Автобустар қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді, апаттық жағдайда шығуға арналған есіктермен жабдықталған және ыңғайлы креслолармен, рюкзактарға арналған бөлімшелермен, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған пандуспен жабдықталған. Көлік құралы 21 орынға есептелген», — деп атап өтті әкімдіктен.

Еске салайық, 2023 жылы 29 мектепте 7,7 мың оқушыға арналған «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы іске қосылған болатын.