Алматыда тағы 16 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Бостандық ауданында көші-қон заңнамасын бұзған 135 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы полициясының мәліметінше, 16 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Ал 27 адам жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына жеткізілді, 23 қабылдаушы тұлға жауапкершілікке тартылды.
Көші-қон полициясының қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ күйде СПА-салондардың бірінде және құрылыс нысанында болған азаматтарды анықтады. Олардың бәрі жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Алматы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаевтың айтуынша, негізгі міндет – шетел азаматтарының заңсыз болуына байланысты туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу.
– Біз азаматтардың ел аумағында болу заңдылығын, тіркеу талаптарының сақталуын және қабылдаушы тараптардың жауапкершілігін тексеру арқылы қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейміз, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көші-қон тәртібін бұзған 21 шетел азаматы елден шығарылғанын жазғанбыз.