Алматыда тағы 166 ескі автобус аукционға шығарылды

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Алматыэлектротранс» мекемесі істен шыққан 166 автобусты сатылымға шығарды.

Электрондық сауда сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, автобустар 2008 жылы алынған. Олар қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылында орналасқан. Лоттың бастапқы бағасы — 37 666 225 теңге. Өтінімдер 2025 жылдың 2 қыркүйегінде қабылдана бастайды.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі 573 ескі автобусты 160 миллион теңгеге сатты. Есептен шығарылған бұл автобустар да Алматы облысы, Қайназар ауылында, «Дархан» ЖШС аумағында сақталып тұрған.

Бұл автобустар 2025 жылдың 2 мамырында сатылымға шығарылған, алайда аукцион өтпеді. Одан кейін Алматы әкімдігі ескі автобустарды қайта сатылымға шығарды.

Бұған дейін Алматы әкімдігі ескі автобустардың тұрағына 196 млн теңге жұмсайтынын жазғанбыз.