Қазіргі таңда мегаполисте 17 мыңнан астам ақылы автотұрақ орны бар. Алайда осы жылдың соңына дейін көлік тұрақтарын ұйымдастыру және жол қозғалысын реттеу мақсатында қосымша ақылы тұрақ орындарын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы агенттік сауалына жауап берген “Алматы паркинг” мекемесі хабарлады.
- 2026 жылы қаланың магистралды көшелерінде қосымша шамамен 8 мың автотұрақ орнын ақылы форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл шара көшелердің өткізу қабілетін арттыруға және тұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға бағытталған, - делінген жауапта.
Сонымен қатар “Алматы паркинг” мәліметіне сәйкес, бүгінде автотұрақ тарифтерін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда нақты шешім қабылданған жоқ.
- Тарифтерге қатысты кез келген өзгерістер әкімдіктің ресми парақшасында хабарланатын болады, - деп нақтылады мекемеден.
Жалпы қаланың коммуналдық меншігіндегі ең көп автотұрақ орны Алмалы ауданында орналасқан - 5363. Одан кейін Медеу (5102) және Жетісу аудандары (3494) тұр. Ал Алатау ауданында - 2637, Бостандық ауданында - 787, Түрксіб ауданында - 290, Наурызбай ауданы — 92, Әуезов ауданы — 60 ақылы автотұрақ орны бар.
Еске салайық, Алматыда ақылы тұрақтар жүйесін реформалау жоспарланып отыр. Бұл туралы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев айтқан болатын. Оның сөзінше, қазір резиденттік абонемент жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл бастама бойынша жергілікті тұрғындар үйлеріне жақын ақылы тұрақтарға көліктерін тегін қоя алады.
Кейін Ашық НҚА порталында «Жол жүрісі қағидаларымен реттелмеген бөлігінде Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» жобасы ұсынылды. Құжаттың маңызды тұсы — алматылықтарға тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста автотұрақтар орны тегін пайдалануға беріледі.