Алматыда тағы бір кітапхана ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Тәуелсіздік күніне орай жаңа заманауи кітапхана ашылды.
Салтанатты рәсімге Алматы әкімдігінің өкілдері мен бірқатар жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен мәдениет өкілдері қатысты. Жаңа кітапхана Розыбакиев көшесі 247-үй, 7- блок мекенжайында орналасқан және күнделікті 08:30–20:00 уақыт аралығында демалыссыз жұмыс істейді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, нысан тұрғындарға арналған көпфункционалды мәдени әрі білім беру алаңы ретінде жобаланған. Одан бөлек ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Көру қабілеті төмен оқырмандарға арналған ірі қаріптегі және арнайы форматтағы әдебиеттер қоры жинақталған.
Сонымен қатар заманауи компьютерлік зал, жеке жұмыс істеуге арналған тыныш оқу аймақтары, топтық кездесулер мен шығармашылық жобаларға арналған кеңістіктер жабдықталған.
— Кітапхана — қаланың рухани тынысын айқындайтын орын. Біз өз тарапымыздан қала тұрғындарына жаңа білім нәрін сусындауға, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырмыз. Бұл кітапхана — тек кітап оқитын орын ғана емес, ой мен идея тоғысатын заманауи мәдени орталық, — деді Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы.
Кітапхананың ерекше жобаларының бірі — балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқы — ойна» жобасы іске қосылды. Осы жоба аясында балалар аймағында PlayStation 5 орнатылған. Кітап оқыған балалар ойын консолын тегін ойнай алады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ашылды.
Сондай-ақ Kazinform агенттігі Алматы кітапханаларынан фоторепортаж ұсынған болатын.