Алматыда тағы бір заңсыз коммерциялық нысан бұзылды

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда кеше, 2 қазанда Мақатаев көшесі, 4а мекенжайында орналасқан Taiyaki coffee дәмханасы бұзылды.

Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында аталған нысан жеке тұлғаның иелігінде екені анықталған. Ол жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз салынып, пайдалануға қабылдау актісінсіз жұмыс істеп келген.

– Нысан иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылып, ғимаратты бұзу жөнінде нұсқама берілген. 29 қыркүйек күні иесі басқарманың нұсқамасын орындау аясында заңсыз құрылысты толықтай бұзды, - деп хабарлады Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін сот шешімімен қала аумағындағы 33 заңсыз салынған нысан толық немесе жартылай бұзылғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар басқарманың талап-арызы бойынша тағы 64 нысанды бұзу қажет. Оларға қатысты сот шешімдері қазір қалалық Әділет департаментінде орындалу сатысында тұр.