Алматыда тағы да автобуспен жүк көлігі соқтығысты

Фото: Видеодан скриншот

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Алатау ауданында жүк көлігі мен қалалық автобус соқтығысты.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 17:00 шамасында болған. Жүк көлігінің жүргізушісі Үшқоңыр көшесінің бойымен батыс бағытта артқа қарай жүріп бара жатып, Жанқожа батыр көшесімен солтүстікке қарай келе жатқан 45-ші бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.

— Бұл жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтауға кірісті, — деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Осыған дейін Алматыда екі автобус апатқа ұшырып, жүргізушілері зардап шеккені туралы жазған едік.

Алматының қоғамдық көліктері соңғы 4 жылда мыңға жуық мәрте жол апатына ұшыраған.

Еске салайық, бұған дейін Әкімшілік полиция комитеті биыл 22 мың жол апаты тіркеліп, 2 мың адам қаза тапқанын хабарлаған болатын.