Алматыда тағы үш оқушы уланып, ауруханаға түсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Республикалық физика-математика мектебінің тағы үш оқушысы Алматыдағы инфекциялық ауруханаға жатқызылды.

Фото: Pixabay

Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева Алматыда жаппай ауырған балаларға қатысты мәлімдеме жасады.

— Алматыда улану белгілерімен ауруханаға түскен балалардың жағдайын білуге бардым. 43 ұл және 5 қыз бар. Жаңа ғана тағы үш баланы алып келді. Олар РФММ интернатында тұрады, әртүрлі облыстан келген. Жағдайлары қалыпты. Улану дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, — деп жазды Динара Зәкиева Instagram парақшасында.

Демек емдеу мекемесіне жеткізілген балалардың саны 51-ге жетті.

Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.

Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтеді.

Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігі Алматыда оқушылардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді.