Алматыда танысын пышақтаған ер адам ұсталды

Фото: Алматы полициясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері танысын жарақаттаған күдіктіні ұстады.

Полицияның хабарлауынша, Алматының Медеу ауданында екі ер адам арасында жанжал шығып, олардың бірі екіншісін пышақтаған. Күдікті осыдан кейін оқиға орнынан бой тасаламақ болған. ЖҚАЖ қызметкерлері ер адамды тез арада қолға түсірді.

– Біздің жауынгерлер жедел әрі үйлесімді әрекет етті. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу. Күдікті оқиға орнына жақын аумақта ұсталды, қазіргі уақытта айналадағы адамдар үшін қауіп жоқ, - деді Алматы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі Азамат Есерғожин.

Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзенде 44 жастағы ер адам пышақ жарақатынан қаза болғанын хабарлаған едік.