Алматыда тарихи тұлғалардың зираттары цифрлық картаға енгізілді

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мегаполисте «Алматының тарихи жады» жобасы көпшілікке жол тартты.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл бастама аясында адамдар танымал тұлғалар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері өмір сүріп, еңбек еткен орындарды аралап, олардың ескерткіштері мен мемориалдарын, жерленген жерлерін, тарихи көшелер мен нысандарды оңай таба алады. 2GIS сервисіне барлық нысан туралы ақпарат үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде енгізілген.

Фото: Скрин

Жоба аясында Алматының Орталық зираты, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 зираттары алғаш рет сандық форматта ұсынылып отыр. Бұл жерлерде Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Күләш Байсейітова, Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Шәкен Айманов сынды тарихи тұлғалар жерленген.

Фото: Скрин

— Көптеген дамыған елде ашық аспан астындағы музей ұғымы әлдеқашан қалыптасқан. Мысалы, Парижде туристер Пиаф, Бальзак пен Моррисонның қабірлеріне тағзым ету үшін Пер-Лашез зиратына барады. Вена мен Прагада ұлы композиторлардың мәңгілік мекендері мәдени маршруттың ажырамас бөлігі. Лондонда Хайгейт зираты — интеллектуалдық мұраға деген құрметтің символы. Алматы — еліміздің мәдени астанасы. Бұл шаһар — ұлтымыздың рухани тірегі, танымал тұлғалардың мекені. Біз зиялы тұлғалардың еңбектерін насихаттап, қалдырған мұрасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, оларға құран бағыштап, зиярат етуге жағдай жасауға тиіспіз. Біз жоба аясында әрбір бейіттің дерегін нақтылап, көпшілікке қолжетімді болуына мән бердік. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, — деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Фото: Алматы әкімдігі

Қазіргі таңда Алматының Орталық зиратында — 115, Кеңсай-1-де — 159, ал Кеңсай-2-де — 109 тұлғаның бейіті картаға енгізілді. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері де бар: Орталық зиратта — 8, Кеңсай-1-де — 16, Кеңсай-2-де — 5 ардагер жерленген. Сондай-ақ қалада 160-қа жуық ескерткіш бар, оның 48-і — көрнекті тұлғаларға арналған.

Жобаның жүзеге асуына Мәдениет басқармасының өкілдерімен қатар, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай, жазушы-драматург Әлібек Байбол, журналист, алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман, зерттеуші Занғар Кәрімхан және музейлер бірлестігінің қызметкерлері атсалысқан.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда мажарлық соғыс тұтқындарының зираты табылғанын жазғанбыз.