Алматыда тәркіленген 180 мыңнан астам вейп тегіс жойылды

Фото: Видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы арнайы полигонда 180 мыңнан астам электронды темекі жойылды.

– Алматы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеген қылмыстық істер шеңберінде тәркіленген 180 мыңнан астам вейп жойылды. Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ Алматының жастар ұйымдарының өкілдері қатысты, - деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы бойынша департаменті.

Ведомство тыйым салынған өнімдерді жою – темекі өнімдерінің заңсыз айналымымен күрес және азаматтардың, әсіресе жасөспірімдердің денсаулығын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

– Қылмыстық іс бойынша күдіктілер тауарларды Telegram-арналар мен мессенджерлер арқылы таныстары мен сенімді тұлғалар көмегімен сатпақ болған, - деді Алматы ЭТТД тергеушісі Радмир Жүсіпов.

Қазақстанда вейптерді сатып, таратқандарға және өндіргендерге айыппұл және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Еске салайық, 2024 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вейпке тыйым салатын заңға қол қойған еді.