Жобаны Алматы қаласының Табиғат қорғау прокуратурасы, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Төтенше жағдайлар департаменті және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп әзірлеген. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
- Қазір біз бұл жобаны іс жүзінде іске асыруға кірісіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз - тауға шығатын туристердің санын біліп отыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті сақтық шараларын сақтауын бақылау. Ең алдымен, сервис туристерге қауіпсіздік ережелері мен ауа райы жағдайлары туралы ақпарат беруге арналған. Сонымен қатар, жоба Алматы қаласының құтқару қызметтерінің жұмысына жәрдемдесуді, туристердің жоғалып кету қаупін азайтуды және жарақат алған жағдайда жедел көмек көрсетуге ықпал етуді көздейді, - деді Алматы қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нұғырбеков.
Almaty Hike сайты арқылы туристер маршруттың қай уақытта басталатыны туралы ақпаратты алдын ала енгізіп, байланыс деректерін қалдыра алады. Ол үшін сайтқа кіру немесе таулы аймақтар мен ұлттық парктерге қатынайтын автобустар мен аялдамаларда орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет.
Тіркелу бірнеше минутты ғана алады. Пайдаланушы электронды нысанды толтырып, телефон нөмірі мен бағыты туралы мәліметтерді енгізеді. Маршрут аяқталғаннан кейін сайтқа қайта кіріп, таудан оралғанын белгілеу маңызды.
ТЖД өкілдерінің айтуынша, алдын ала тіркелу - жоспарланған сапар туралы ақпаратты құтқару қызметтеріне ертерек жеткізуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда бұл мәліметтер туристерді іздеуді жеңілдетіп, іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылардың жағдайды жылдам бағалауына көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Аюсай сарқырамасы маңында адасып кеткен балалар құтқарылды.