Алматыда техногендік сипатта қауіпті қандай негізгі аймақтар бар – фоторепортаж
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы аумағында қар көшкінінің қауіпті – 165, сырғыманың қауіпті – 145, сел тасқынының қауіпті - 195 аумағы бар. Бұл ретте «Шымбұлақ» тау курорты қар көшкіні жүру қаупі бар аймаққа жатса, Ақсай мен Қарғалы өзендерінің бойында сырғымалардың жүру қаупі көп. Бұл туралы Kazinform тілшісіне ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық филиалы бастығының орынбасары Алмас Искаков айтып берді.
«Кіші Алматы өзені таулы аймақта болған соң, мұнда бірден үш қауіп, яғни, қар көшкіні, сел тасқыны қаупі мен сырғыманың жүру қаупі қатар жүреді. Айту керек, сырғыма жүру қаупі бар аймаққа қала да кіреді. Себебі, қаламен шекаралас таудың етегінде үй салғандар өздерімен қоса, айналасына да қауіп төндіреді. Сондай-ақ таудан қалаға төмен аққан өзендердің бойын сел тасу қауіпті аймағына жатқызамыз. Себебі, Үлкен Алматы бөгеті мен Аюсай бөгетінің арасында көптеген кафе, ресторан, қажет емес үйшіктер, демалыс аумақтары, «визит-орталығы» салынған. Бұл нысанның барлығы сел тасу қауіпті аймағының ішінде отыр», - дейді Алмас Искаков.
Таулы аймақта орналасқан соң, Алматыда жыл бойы қар көшкіні қаупі сақталады. Себебі, таудың басында қысы-жазы қар кетпейді.
«Таулы аймақтарда қар көшкіні қаупінің негізгі кезеңі қараша – наурыз айлары, оның ішінде сырғыма қаупі кезеңі 15 мамыр – 15 қазан арасы саналады. Жалпы, бүгінгі күнге көлемі 700 мың текше метрден асатын 124 қар көшкіні жүрді. Оның ішінде ең көп қар көшкіні Кіші Алматы өзені алабында жүрді. Олар әлі жалғасады деп күтіліп отыр, себебі, қардың биіктігі 80-150 см деңгейінде сақталуда. Сондай-ақ жақында ең көлемді қар көшкіні Қотырбұлақ өзені бойында 400 мың текше метр болғанын білесіздер. Осыған байланысты біз жарылыс жұмыстарын жүргізіп, көшкін қаупі бар қарды түсіреміз. Оны біз Қазгидрометтің ұсынысымен жасаймыз. Себебі, оларда қар көшкінін бақылайтын арнайы пункттер бар. Жарылыс жұмыстарын бүкіл қауіпті аумақты жапқан соң жасаймыз және оған ТЖД, Республикалық жедел құтқару жасағы, полиция депаратменті өкілдері қатысады. Бүгінге дейін 4 жарылыс жасадық, нәтижесінде 9 206 текше метр қар түсірілді. Айту керек, бізде сондай-ақ 150 қар көшкінін жинағыш бар», - деді спикер.
Сел тасқыны қаупі бойынша Алматы қаласы маңында 51 мореналық көл бар, оның ішінде 14 көл өте қауіпті саналады. Жыл сайын қала аумағында «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық филиалы аса қауіпті көлдерді босату бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
«Үлкен Алматы өзені алабында ең қауіпті 2 көл бар. Олар 10 мен 13 көл. Оныншысы – ең биік көл. 3 640 метр биіктікте орналасқан. Қарғалыда 1-ші көл, Ақсайда 8,9,10 қауіпті көлдер бар. Биыл сел қауіпті кезеңде 6 аса қауіпиті мореналық көлдерде алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Алдын алу жұмыстары Ақсай өзені алабындағы №8,9,10 көлдерде, Үлкен Алматы өзені алабындағы №10,13 Бис көлдерінде және Кіші Алматы өзені алабындағы №6 көлде жүргізілуде. Сондай-ақ мореналық көлдерде жалпы ұзындығы 16 450 метрді құрайтын диаметрі 200 мм және 315 мм сифондарды тізбегі орнатылды. Биік таудың мореналық көлдердің жай-күйін бағалау мақсатында бүгінге дейін 8 әуеден шолу тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Қазселденқорғау Алматы қалалық филиалында сел қаупін жою мақсатында 34 адамнан және 19 арнайы техникадан тұратын апаттық және механикаландырылған топ бар. Өзендердегі және көлдердегі су деңгейін тұрақты бақылау мақсатында Алматы қалалық филиалы гидробекеттері жеделдетілген режимге көше отырып, әр сағат сайын орталық диспетчерлік пунктіге ақпарат жолдайды.
Жалпы, бізде 4 диспетчердлік пункт бар. Олар Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Ақсай өзені учаскелерінде үш пункт және орталық пункт. Одан бөлек, 10 тұрақты пост, 3 маусымдық пост бар. Олар өзендердің деңгейін, қардың биіктігін бақылап отырады. 3 маусымдық пост қысқы мезгілде Шымбұлақ, Алматау және Үлкен Алматы көлінде орналасады. Бұл қысқы посттар күнделікті қардың биіктігін тексереді. Жазғы уақытта тұрақты 10 пост болады. Олар Мореналық көлдерде, Үлкен Алматы өзені алабында, Мәншүк Мәметова және Тұйықсу мұздықтарының астында орналасады. Одан бөлек біз құрылыс, бөгеттерімізді ұдайы бақылап, жағдайын тексеріп отырамыз.Дауылды күндері 9 мекемеге, оның ішінде полиция депаратментіне ұсыныстар жолдаймыз. Нәтижесінде жаяу немесе көлікпен ары қарай Үлкен Алматы көліне бармас үшін Аюсайдың жолында блокбекет қойылады», - деді Алмас Искаков.
Оның айтуынша, сырғыма қаупін болжау қиын, себебі, ол кез келген уақытта жүріп кетуі мүмкін. Дегенмен, Алматы қаласы бойынша қауіпті аймақтар белгіленген. Мамандар онда айына 3-4 рет шығып тексеріп тұрады.
«Жаңбыр жауған кезде міндетті түрде тексереміз. Жағдайды толық бақылаймыз. Жалпы Алматы облысы бойынша 145 қауіпті сырғыма аймағы бар. Алматы қаласында қауіпті Медеу және Бостандық аудандары қауіпті саналады. Биыл наурыз айында сырғыма қаупі кезеңі басталғалы бері Алматыда жиыны 9 сырғыма болды. Бұл кезең наурыз айының ортасынан қараша айына дейін жалғасады. Одан бөлек, біз халықты сырғыма қаупі туралы брошюралар таратып, демалыс аймақтарына ұсыныстар жасап, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы, жоғарыда аталған қауіп-қатерлердің барлығы техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жатады», - деді спикер.
Алмас Искаковтың айтуынша, Қазселдеқорғаудың Алматы филиалыныда бүгінде 100-ден астам адам еңбек етеді. 46 техника бар, 19 апаттық бригада бар. Жеңіл көлік 9, жүк көліктері 15, арнайы техника 22. Бәрінің жағдайы жақсы, істеп тұр. Сондай-ақ селге қарсы 14 бөгет бар, оның ішінде Кіші Алматы өзенінде – 8, Қарғалы өзенінде – 1, Үлкен Алматы өзенінде – 4, Ақсай өзенінде келесі жылы бөгет салынады.
«Біз Кіші Алматы өзенінен бастап Ақсай өзеніне дейінгі аралықта қызмет етеміз. Біздегі селден қорғайтын бөгеттердің барлығы сел тасқыны қауіпті кезеңіне дайын. Бізге жаңбыр, ауа-райына байланысты халықтан күнделікті өтініштер түседі. Кейде бір учаскенің өзінен бір күнде 10-17 өтініш түседі. Олардың барлығын қабылдап, шара қолданамыз. Мен қар көшкіні қаупіне байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын қысты күні ауа-райы жайында мәліметті білмей, тауға шықпау керек екенін ескерткім келеді және таулы аймаққа ешқашан жалғыз баруға болмайды. Кем дегенде 4-5 адам баруы керек. Барлық қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Жаңбырлы күні де тауға шығуға болмайды. Жаңбыр астында қалса қауіпсіз жерге жасырынуы керек, өзеннің бойында демалуға тағы болмайды. Сырғыма қаупіне келер болсам, су құбырлары жөнделуі керек, ешқандай дым болмауы керек. Көктемге дейін арық желілерін тазарту керек», - деді «Қазселденқорғау» Алматы қалалық филиалы бастығының орынбасары Алмас Искаков.