Алматыда тек Audi маркалы автокөліктерді ұрлаған күдікті ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық полицейлер көлік ұрлаумен айналысқан күдіктіні қолға түсірді.

Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің қатысуымен көлік ұрлаудың 10 дерегі анықталды. Қылмысты жасады деген күдікпен Audi автокөліктерін ұрлауды әдет еткен Жетісу облысының 35 жастағы тумасы ұсталды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол өз қылмысын мойындады. Ұрланған 6 көлік бүлінбеген күйде табылды, олар қылмыстық іске заттай айғақ ретінде қосылды. Күдіктінің айтуынша, тағы екі көлікті сатып үлгерген. Қазір қалған көліктердің қайда екендігі анықталып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Қуатбек Науатов.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

Полицияда сондай-ақ, ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз екенін хабарлады.