Алматыда теңіз контейнерлерінен салынған ерекше саябақ ашылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 27 қыркүйекте Алматыда еліміздегі алғашқы бокс-парк – теңіз контейнерлерінен жасалған серуен аймағы жұмысын бастайды. 

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, мұнда жасыл аллеялар, балалар алаңдары және мәдени іс-шараларға арналған ашық аспан астындағы амфитеатр бар. Сондай-ақ дүкендер, кафе, спорт студиялары, кеңсе мен демалыс орындары жаңа форматта тоғыстырылған. 

Фото: Алматы әкімдігі

Кешен Төле би көшесі мен Розыбакиев көшесінің қиылысында орналасқан, жалпы аумағы – 2,7 мың шаршы метр. 

– Алматылық бокс-паркте 17 сауда-кеңсе модулі қарастырылған. Жоба қаланың іскерлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының бір бөлігі. Сарапшылардың айтуынша, бұл формат экологиялық тиімділігімен, құрылыс қарқынының жеделдігімен және кеңістікті ұйымдастырудың заманауи тәсілімен ерекшеленеді, - деп хабарлады корпорациядан.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ салынатынын жазғанбыз.