Алматыда Тілендиев көшесін ұзарту үшін 92 жер учаскесі сатып алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Тілендиев көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жоспарланып отыр.
Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылдың 26 ақпанындағы № 1/1-219 қаулысына сәйкес, Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзарту үшін Алатау ауданында орналасқан 92 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынады. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.
Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы заңнамамен белгіленген тәртіпте жер телімдерінің иелеріне өтемақы төлейді. Учаскелер сатып алынғаннан кейін Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының теңгеріміне беріледі.
Бұған дейін Алатау ауданының тұрғындары Тілендиев көшесін ұзарту үшін мемлекет мұқтажына сатып алынатын жер телімдерінің бағалау құнына келіспей, өтемақы бойынша наразылық білдірді. Тұрғындардың шағымы бойынша Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықпен кездесу өткізіп, жағдайға қатысты түсінік берді.
Еске салайық, Алматыда қалалық мәслихат шешімімен 2026 жылы магистралды көшелерді ұзартуға 8 млрд теңге бөлінді.
Биыл қаңтар айында Алматыда Райымбек даңғылын Шығыс айналма жолына дейін ұзарту үшін 54 учаске алынатыны белгілі болды.