Алматы әкімдігінің мәліметінше, 20 маусым күні сағат 22:00-ден бастап Саин көшесінен Отар көшесіне дейінгі аралықта шығыс бағытындағы автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
– Осы кезеңде көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Төле би көшесінің солтүстік жағында кері бағыттағы (реверсивті) қозғалыс ұйымдастырылады, - делінген хабарламада.
Инженерлік желілерді көшіру жұмыстары 25 маусымға дейін жалғасады. Ал 25-30 маусым аралығында дәл осындай жұмыстар көшенің қарама-қарсы бетінде жүргізіледі. Осы кезеңде реверсивті қозғалыс Төле би көшесінің оңтүстік жағында ұйымдастырылады.
Әкімдік жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асыру аясында құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты Момышұлы көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін жазғанбыз.