Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, ауыстырлыған су жүйесі 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұл желі 13 мамыр күні іске қосылады.
Бұл күні сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Медеу және Бостандық аудандарында суық сумен жабдықтау уақытша шектеледі.
Су беру уақытша тоқтатылатын аймақтар:
- Медеу ауданы – Назарбаев даңғылы, Сәтбаев көшесі, Достық даңғылы және Жолдасбеков көшесінің шекарасында орналасқан аумақтар, соның ішінде Самал-1, Самал-2 және Самал-3 шағын аудандары;
- Бостандық ауданы – Померанцев көшесі, Ганди көшесі, Назарбаев және әл-Фараби даңғылдарының арасындағы аймақтар.
Жаңғыртылған су құбыры «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізілді.
— Аталған су желілері алғаш рет 1985 жылы арнайы жүріп өту арнасы арқылы салынған – бұл технологиямен жасалған қаладағы жалғыз учаске. Жаңғырту жұмыстарына дейін құбырлардың тозу деңгейі 80%-дан асқан болатын. 2024 жылы ұзындығы 4,369 шақырым, диаметрі 300 мм болатын учаске толығымен ауыстырылды. Барлық жұмыс қазусыз, жол қозғалысын шектемей жүргізілді, — деп атап өтті әкімдіктен.
Жалпы, қалада инженерлік желілерді жаңғырту және реконструкциялау бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр.
Осылайша, бұл жұмыстар 2025 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 52,9%-ға, су бұруды 53,9%-ға, электрмен жабдықтауды 63,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін Алматыда биыл 70 шақырым су құбыры мен кәріз желілері ауыстырылатыны туралы жазған едік.