Алматыда тозығы жеткен сорғы станциясы жөнделеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 32 жыл бойы жөндеу көрмеген сорғы станциясы қайта қалпына келтіріледі.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы Волховская көшесінде орналасқан сумен жабдықтаудың апаттық жағдайда тұрған сорғы станциясына барды. 1987 жылы салынған сорғы станциясы 500-ден астам тұрғыны бар 4 көпқабатты тұрғын үйді ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Фото: Алматы әкімдігі

32 жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген нысан қайта қалпына келтіріледі. Негізі сорғы станциясы істен шыққан.

Қала басшысының тапсырмасы бойынша сорғы станциясына тексеру жүргізіліп, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының сметалық құны анықталды. Жұмысты осы жылдың маусым айында бастау жоспарда.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі тұрғындардың тыныс - тіршілігін қамтамасыз ететін объектіні реконструкциялауды дереу қолға алуды және жұмыстар аяқталғаннан кейін сорғы станциясын «Алматы Су» МКК балансына беруді, оны қалалық жүйенің бір бөлігіне айналдыруды тапсырды.

Айта кетейік, 2023 жылы Алмалы ауданында осыған ұқсас тағы екі апаттық нысан мәселесі шешілді. 26 жыл ішінде алғаш рет Айтиев көшесі, 13 мекенжайдағы 26 жыл ішінде жөндеу көрмеген сумен жабдықтау сорғы станциясы толығымен қайта жаңартылды.

Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ «Панорама» су бұру және сумен жабдықтау сорғы станциясында авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 1600-ге жуық абонент тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз етілген.