Спикердің сөзінше, кейінгі 10 жылда қалада туберкулезге шалдығу көрсеткіші 60,5%-ға, ал өлім-жітім деңгейі 82,7%-ға төмендеген.
– Жыл сайын қалада 484 жаңа туберкулез жағдайы тіркеледі. Ауру жұқтырғандардың 30%-дан астамы қауіп тобындағы адамдар – қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары бар науқастар, ұзақ мерзімді гормоналды терапия қабылдайтындар, АИТВ жұқтырғандар, алкоголь мен есірткіге тәуелді азаматтар. Сонымен қатар науқастардың шамамен 8 пайызы белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, - деп атап өтті Сәулеш Әуезова.
Айтуынша, қалалық зертханада туберкулезді небәрі 1,5-2 сағат ішінде анықтауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар бар.
– Сондай-ақ Xpert MTB/XDR аппараттары орнатылған жоғары технологиялық зертханалар жұмыс істейді, олар туберкулезге қарсы препараттарға төзімділікті 90 минут ішінде анықтай алады. Үш қалалық емханада G-Xpert ПТР аппараттары жұмыс істейді, бұл молекулалық-генетикалық диагностикамен қамтуды 32,2%-ға арттырды, - деді ол.
Жаңа препараттарды енгізу есебінен дәріге төзімді туберкулезді емдеу ұзақтығы 18–24 айдан 6-9 айға дейін қысқарды.
– Алматыда BPaLM режимі бойынша «Претоманид» препараты қолданылатын пилоттық жоба жалғасып жатыр. Қазір 91 науқас осы бағдарлама аясында ем қабылдауда, олардың 48-і терапияны сәтті аяқтады, - деді ол .
2024 жылы амбулаториялық ем қабылдайтын 963 пациентке 197,8 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сонымен қатар пациенттердің 57%-ы дәрі-дәрмектерді қашықтан, бейнебақылау арқылы алады. Әйелдер мен балаларға, қарттар мен қозғалысы шектеулі пациенттерге арналған арнайы мобильді топтар дәрі-дәрмектерді үйлеріне жеткізеді.
Еске салайық, былтыр Алматыда балалар арасында туберкулез ауруы көбейген болатын.