Алматыда туберкулезбен ауырғандар саны азайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда туберкулезбен ауырғандар саны мен одан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді.
Бұл туралы Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас фтизиатры Жанар Сәпиева ҚДСБ басшысы Марат Пашимовтың және қаланың медициналық ұйымдары өкілдерінің қатысқан кезекті жұмыс кеңесінде мәлімдеді.
Аурушаңдық 15,9% төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 18 жағдай болды, ал 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 21,5 болған.
Балалар арасында да оң өзгерістер байқалады. Балалардағы туберкулезбен аурушаңдық 2,2% төмендеп, 100 мың балаға шаққанда 4,4 жағдай болды.
Емге бейімділікті арттыру мақсатында амбулаториялық кезеңде туберкулезбен ауыратын науқастарға жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, науқастарға 12 ай бойы ай сайын 12 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қаржылай көмек беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда туберкулезді емдеу мерзімі қысқарғанын жазғанбыз.