«Қазгидромет» болжамынша, 4 қазан сағат 21:00–ден кейін қалада аздаған жаңбыр жаууы мүмкін. Түн ортасынан кейін жауын-шашын күшейіп, кей уақыттарда 15-20 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Жауын-шашын 5 қазан таңертең біртіндеп бәсеңдеп, сағат 12:00–ге дейін тоқтайды. Сонымен қатар солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Жауын салдарынан су басу қаупінің алдын алу үшін қалада 70 мобильді бригада кезекшілікке шығады. Олардың жұмысына 337 арнайы техника, 103 мотопомпа және 2,4 мың құм салынған қап дайындалды.
— Кезекшілікке коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметінің 717 маманы жұмылдырылады. Негізгі күш су жиналу қаупі жоғары учаскелерге бағытталады. Бұл аумақтарда ассенизаторлық машиналар да кезекшілік етеді, — делінген хабарламада.
Жол саласы қызметкерлері мотопомпалармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жалпы тәулік бойы кезекшілікке 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылады. Жұмысқа «Алматы Тазалық» МКК және жеке мердігер ұйымдар қатысады.
Алдын ала болжам бойынша, 6 қазанда Алматыда көшпелі бұлтты ауа райы сақталып, жауын-шашын болмайды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде алғашқы қар жауғанын жазғанбыз.