Алматыда түнгі уақытта атыс даусы естілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда түнгі уақытта оқ атылғанға ұқсас дыбыстар естілген.

Фото: видеодан алынған скрин

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл туралы хабарлама «102» нөмеріне келіп түскен. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипажы жіберілген.

Фото: видеодан алынған скрин

- Тексеру барысында күдік тудырған автокөлік тоқтатылып, оның жүксалғышынан сыртқы белгілері бойынша тапаншаға ұқсас зат және оған арналған оқ-дәрілер табылды. Көлік иесінің айтуынша, аталған құрылғы белгі беру мақсатындағы құрал болып табылады және қаңғыбас жануарларды үркіту үшін пайдаланылған, - деп хабарлады полициядан.

Сондай-ақ оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, табылған зат пен оқ-дәрілер тәркіленген. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару табылды.