Алматыда тұрғын үйді күтіп ұстау тарифтері 10 жыл өзгермеген: ПИК қайта қарауды ұсынды

Фото: Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының ПИК қауымдастығы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және күтіп ұстаудың минималды тарифін қайта қарауды ұсынды.

Қауымдастықтан мәлім еткендей, тарифтер 10 жылдан астам уақыт өзгермеген. Осы уақыт ішінде үйлерді күтіп ұстауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кететін шығындар айтарлықтай өсті. Қазір Алматыдағы тариф әр шаршы метр үшін 7 теңгеден 700 теңгеге дейінгі сомада.

«Бұл ретте орташа көрсеткіш небәрі - 40 теңге. Мұндай тариф ыңғайлы жағдайлар жасап, тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға қажет жұмыстарды жүргізуге жеткіліксіз», - деп түсіндірді ПИК қауымдастығының төрағасы Аркадий Рубцов.

Айтуынша,қазіргі тариф техникалық қызмет көрсету, тұрақты дезинфекция, дератизация және жөндеу жұмыстары сияқты маңызды шығындарды мүлде жаппайды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайсыздық пен қауіп тудырады.

Одан бөлек, жаңа стандарттар басқарушы компаниялардан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шараларды атқаруды талап етеді.Бұл мақсаттарға да қосымша қаржы қажет.

«Қауымдастық баспана сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға қатысты мәселені шешуде қала билігі мен алматылықтардың қолдауына үміт артып отыр»,- деді ол.

Айта кетейік, Алматыда биыл 100 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді.