Қор прокуратура, құқық қорғау органдары және «Ondiris Building» ЖШС-нің жаңа басшылығымен бірлесіп, тұрғындардың құқықтарын қорғау және пәтерлерді кепіл ауыртпалығынан босату бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Қордың мәліметінше, 2025 жылы серіктестіктің міндеттемелерді орындауы жүйелі түрде бұзылғаннан кейін берешекті өндіріп алу шаралары күшейтілген. Атап айтқанда, компанияға бірнеше рет ресми талап жолданып, 2025 жылғы 4 маусымда тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз берілген.
Соттың қамтамасыз ету шаралары негізінде серіктестіктің банктік шоттарына тыйым салынған. Кейін тараптар пәтерлерді кепілден босату үшін қаражат аудару жөнінде қосымша келісімдер жасасқан. Күтілген 241 млн теңгеден астам қаражаттың шамамен 189 млн теңгесі қорға түскен. Бұл 12 сатып алушының мәселесін қарауға мүмкіндік берген. Ал қалған 52 млн теңгеге жуық қаражат белгіленген мерзімде аударылмаған.
«Ondiris Building» ЖШС-нің бас директоры Виктория Кравченконың айтуынша, ол компания басшылығына 2026 жылғы 6 қарашада кіріскен. Алғашқы күндері құжаттаманың толық берілмеуі және бухгалтерлік жүйеге қолжетімділіктің болмауы жұмысқа кедергі келтірген.
– «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның прокуратура және құқық қорғау органдарымен белсенді өзара іс-қимылының арқасында серіктестіктің операциялық қызметін қалпына келтіріп, жинақталған мәселелерді жүйелі түрде шешуге кірістік. Қазір құжаттама қалпына келтіріліп, келіп түскен төлемдер салыстырылып тексерілуде. Осыған қарамастан, екі апта ішінде 14 пәтерді кепіл ауыртпалығынан толық босатуға қол жеткіздік. Тағы бес пәтер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Виктория Кравченко.
Оның сөзінше, тұрғындардың әрбір өтініші жеке қаралып, пәтерлерді ресімдеуге қажетті құжаттар қалпына келтіріліп жатыр.
Қор 97,5 млн теңгені берешекті өтеуге бағыттайды
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Темірлан Сапарғалидың айтуынша, 2026 жылғы 11 қарашада пәтер сатып алушылардың төлемдері есебінен түскен 97,5 млн теңгені компанияның берешегін өтеуге бағыттау туралы шешім қабылданған.
– Сатып алушылардың төлемдерін бөлек есепке алуды көздейтін қосымша келісімдер жасасу жоспарланып отыр. Бұл ақша қаражаты қозғалысының ашықтығын және оның нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз етіп, пәтерлерді кепіл ауыртпалығынан жеделірек босатуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ Қор заңды негіз болған жағдайда қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін шешімдерді де қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Қор өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылғы қазанда және қарашада тұрғындардың бастамашыл тобы өкілдерімен кездесу өтіп, ақысы толық төленген пәтерлерді кепілден босату тетіктері талқыланған. Қазір азаматтардың өтініші жауапты мамандар мен мемлекеттік органдарды тарта отырып, басым тәртіппен қаралып жатыр.
Алдағы уақытта тараптар құжаттаманы қалпына келтіру, сатып алушылардың төлемдерін салыстыру, қосымша келісімдер жасау және 134 пәтерді кепіл ауыртпалығынан босату тетіктерін пысықтау жұмыстарын жалғастырады.