Алматыда туристер үшін жаңа ақпараттық орталық ашылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 15 мамыр күні Достық даңғылы мен Оспанов көшесінің қиылысында туристер үшін жаңа ақпараттық орталық ашылады. 

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Орталықтың жұмыс уақыты сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін, демалыссыз жұмыс істейді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл мегаполистегі тоғызыншы туристік ақпараттық орталық болмақ. Визит орталығының ерекшелігі, граффити элементтерін қолданатын заманауи дизайнында.

Фото: Алматы әкімдігі

Ақпараттық орталықта қаланың көрікті жерлері туралы кәсіби кеңестер беріледі. Бұдан бөлек, саяхатшыларға карталар, нұсқаулықтар, маршруттар атластары мен өзге де қажетті материалдар ұсынылады.

«Былтыр ақпараттық орталық шетелдік туристердің қалаға деген қызығушылығының артқанын көрсетті. 2023 жылы орталықтардан 21 391 шетелдік турист кеңес алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 80,3 пайызға көп. Ақпараттық нүктелердегі қызмет көрсету бойынша үздік 5 елге Германия, Үндістан, ҚХР, Ресей және Оңтүстік Корея азаматтары кіреді», - деп хабарлады әкімдіктен.