Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Үндістанның екі азаматы Алматы әуежайынан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін таксимен барған. Бірақ жүргізуші олардан жолақы үшін 150 АҚШ доллар талап еткен. Сондықтан шетелдік қонақтар полицияға жүгінген.
— Тексеру барысында жүргізушінің жеке басы жедел анықталып, заңсыз алынған қаражат шетелдік азаматтарға толық көлемде қайтарылды. Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар жиналып, заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданады, — деп хабарлады департаменттен.
Алматы полициясы жолаушыларды, оның ішінде қала қонақтарын алдап, заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң бағаланатынын ескертті.
Еске салайық, еліміздің үш қаласында пилотсыз такси іске қосылады.