Алматыда Түркі Академиясы шығарған ғылыми еңбектер таныстырылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі Академиясы шығарған ғылыми еңбектер тұсаукесері өтті.

Фото: Түркі академиясы

Таныстырылған басылымдардың арасында Түркі Академиясының бастамасымен алғаш рет қазақ тіліне аударылған қырым татарларының көрнекті өкілі, түрколог ғалым Бекир Чобанзаденің таңдамалы ғылыми туындыларының «Тілтұтқа» атты жинағы болды. Аталған кітапқа автордың көпжылдық зерттеулерінен құралған көптомдығындағы еңбектері енді.

Фото: Түркі академиясы

Сонымен бірге, іс-шарада Түркі Академиясының «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» жобасы аясында жарық көрген экономика, тіл білімі және әскери салалар бойынша терминдер сөздіктері таныстырылды. Бауырлас елдердің білікті мамандары бірлесе еңбек еткен бұл жоба ғылыми терминологияны біріздендіру және түркі елдерінің ғылыми қауымдастықтарын жақындастыру жолындағы маңызды қадам болмақ. 

Бұдан бөлек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың түркі-моңғол тілдік параллельдерін зерттеушілер үшін жаңа көкжиектерді ашатын монографиясы оқырман назарына ұсынылды.

Фото: Түркі академиясы

Іс-шараға Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің проректоры Еркін Дүйсенов, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлу, ғылыми зерттеу институттарының басшылары және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Айта кету керек, биыл Түркі Академиясы бауырлас елдер ғылымы қазынасына қосылған елеулі олжа саналатын, көптеген тың тақырыптық бағыттарды қамтитын 64 аталым бойынша еңбектер шығаруды жоспарлап отыр.