Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың үйіне улы газды анықтайтын датчик орнатылды

Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда соңғы 6 жылда аз қамтылған отбасыларға тегін 1500-ге жуық газ иісін анықтайтын құрылғы орнатылды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев айтты.

Алматыда жеке тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Өртсіз өмір — қауіпсіз болашақ» ауқымды профилактикалық акциясы өтті. Көпбалалы отбасы, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоса алғанда, халықтың әлеуметтік осал санаттарына ерекше назар аударылды.

Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі

Шара барысында ТЖД мамандары көмір және отынмен жылытылатын 16 мұқтаж отбасының үйіне газ иісін анықтау датчиктері орнатып берді.

«2018 жылдан бастап Алматыда аз қамтылған отбасылар үшін өтеусіз негізде 1500-ге жуық газ иісін анықтайтын датчигі орнатылды. Алайда, кейбір тұрғын оларды өшіріп тастайды, бұл үлкен қауіп төндіреді. Біз түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, барлығын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз», — деп атап өтті Нұрлан Атығаев.

Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, мегаполистің ірі сауда орталықтарының бірінде ТЖД қоғамдық қабылдауы жұмыс істеді, онда барлық ниет білдірушілер өрт қауіпсіздігі саласында өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап ала алды.

Осыған дейін ШҚО-да пеш жағып отырған 11 мыңнан астам үйде қауіпсіздік ережелері сақталмағаны туралы жазған едік.