Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Жадыра Қаңтарбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу мақсатында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып берді. Кездесу «Гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясына арналды.
Сөзінше, отбасылық жанжалға байланысты полицияға жүгінетіндердің саны артқан. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарында 212 әйел көмек алыпты. Олардың 142-сі баласымен бірге «Жан-Сая» баспанасына орналасты.
Ол отбасылық жанжалға қатысты өтініш пен шақырту санының артуын азаматтардың өз құқығын қорғауға жиі жүгіне бастағанының белгісі деп отыр. Алайда мұндай хабарламаның барлығының құқық бұзушылыққа қатысы жоқ. Көбіне азаматтарға құқықтық кеңес, заңнама бойынша түсіндіру мен жанжалды реттеуге көмек алады екен.
- Мұндай өтініштің көбеюі азаматтардың полицияға деген сенімінің артқанын, өз құқығын қорғауға дайын екенін көрсетеді. Біздің міндетіміз – жасалған құқық бұзушылыққа ден қоюмен ғана шектелмей, жанжалдың зорлық-зомбылыққа ұласып кетпеуіне жол бермес үшін оларды дер кезінде анықтап отыру, – деді Жадыра Қаңтарбаева.
Құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі тетігінің бірі – заң бұзған адамдардың мінез-құлқын бақылау. Алматыда 7 551 адамға қатысты профилактикалық ықпал ету шаралары қолданылған. Атап айтқанда, 6 384 қорғау нұсқамасы шығарылып, тағы 1 167 адамға қатысты соттар мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі.
Бұдан бөлек, полиция 1 552 ресми ескерту жасаған. Оның ішінде 251 ескерту отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылыққа қатысты берілген. Ал ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін 167 адам заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп емдеуге жіберіліпті.
Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы бойынша қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 326 адам жауапкершілікке тартылған. Тағы 300 адам сот белгілеген мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапқа тартылды.
Отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы құқыққа қайшы әрекеті үшін ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 4 885 адам жауапқа тартылған. Былтырғы осы уақытта 3 815 адам жазаланған.
Полиция өкілінің айтуынша, зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеудің маңызы ерекше. Ол үшін кінәлі адамды жауапкершілікке тартумен шектелуге болмайды. Белгіленген тыйымның сақталуын бақылап, жеке профилактикалық жұмыс жүргізу қажет.
- Қорғау нұсқамасы мен сот белгілеген шектеулер зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің жұмысымыз құқық бұзушыға қатысты шешім қабылданғаннан кейін аяқталмайды. Құқыққа қайшы әрекеттің қайталануына жол бермеу керек. Сондықтан мұндай адамдармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Басты міндет – отбасылық жанжалдың қайтадан зорлық-зомбылыққа ұласуына жол бермеу, – деді Қаңтарбаева.
Отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында дене жарақатын келтіруге байланысты тіркелген әр дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1-баптары аясында қажетті тергеу әрекеті жүргізіледі. Бұл баптар денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіріп, ұрып-соққаны үшін жауапкершілікті көздейді. Тіркелген барлық дерек бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданған.
Зардап шеккендерді қорғау үшін қосымша құқықтық шектеу де қолданылады. Мәселен, 58 адамға қатысты мінез-құлқына ерекше талап белгіленген. Тағы 13 адамға жәбірленушілерге жақындауға тыйым салынған.
Уақытша ұстау абақтысына 339 адам қамалған. Тағы 774 әкімшілік қамаққа алынған адам Алматыдағы полиция департаментінің арнаулы қабылдау орнына орналастырылған.
Өтініш түскен кезде полиция қызметкерлері зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және оларға психологиялық әрі әлеуметтік қолдау көрсету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Жыл басынан бері Алматының дағдарыс орталықтарына 212 әйел жіберілген. Олардың 142-сі кәмелетке толмаған балаларымен бірге «Жан-Сая» орталығына уақытша орналастырылған. Мұнда зардап шеккендерге қауіпсіз орта мен қиын жағдайдан шығуға қажетті кешенді көмек көрсетіледі.
- Әйел көмекке жүгінген кезде, әсіресе жанында балалары болса, ең алдымен олардың қауіпсіздігіне мән беріледі. Отбасылық жанжалға ден қоюмен ғана шектелмей, зардап шеккендерге қажетті қолдау алуға мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды. Сондықтан біз дағдарыс орталықтарымен өзара жұмыс істеп, әйелдердің психологиялық және әлеуметтік көмек алуына жәрдемдесеміз. Мұндай әрбір өтініштің артында нақты бір отбасы, кейде әйел мен баланың тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек, – деді спикер.
Сот шешімімен 52 құқық бұзушы психокоррекция кабинетіне жіберілген. Онда олармен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының психологтары жұмыс істейді. Мұндай жұмыс мінез-құлық ұстанымын өзгертуге, агрессия деңгейін төмендетіп, жаңа отбасылық жанжалдың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар Алматыда жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жалпықалалық және республикалық акциялардан бөлек, отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған 19 жергілікті іс-шара ұйымдастырылған.
Қалада «Бізден сұраңыз», «Біз жаныңыздамыз» және басқа да акция мен кездесу өткізіліп, тұрғындарға өз құқығы мен көмек алу мүмкіндігі түсіндіріледі.
Еске салайық, Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға арналған психологиялық түзету орталығы ашылған еді.