Алматыда ТЖ министрінің кубогы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласындағы Halyk Arena мұз айдынында Төтенше жағдайлар министрінің шайбалы хоккейден аумақтық бөлімшелер арасындағы кубогының салтанатты ашылуы өтті. Турнир еліміздің барлық өңірінен келген құтқарушылардың басын қосты.

Фото: ТЖМ

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар ретінде Төтенше жағдайлар министрлігі «BATYR TEAM» спорт клубының атқарушы директоры Әділ Қайырбаев, Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Рустам Ибраев, КСРО-ның өрт-құтқару спорты бойынша еңбек сіңірген спорт шебері Валерий Усов, мәслихат депутаттары, сондай-ақ «Galaxy Service» ЖШС директоры Беслан Беков және «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС бас директоры қатысты.

Фото: ТЖМ

Ойынның алғашқы күні командалар 12 матч өткізіп, жоғары дайындық деңгейін, жылдамдық пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Қатысушылар «А» және «Б» топтарына бөлінді, әр топта төрт командадан өнер көрсетуде.

Министрлік мәліметінше, ертең турнирдің екінші ойын күні өтеді. Оның қорытындысы бойынша финалға шығатын командалар, қола жүлдегерлер және 5–8 орындар үшін күресті жалғастыратын командалар анықталады.

Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов маусым айында өтетін екі жолдастық кездесуге қатысатын ойыншылардың нақты тізімін жариялады.