Алматыда Ұлттық домбыра мен Астана күні қалай атап өтіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 4-6 шілде аралығында Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған бірқатар іс-шара өтеді.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қала тұрғындары мен қонақтарына концерттер, фестивальдер, флешмобтар, көрмелер, кино көрсетілімдері және ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды қамтитын мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылады. Мерекелік іс-шаралардың мақсаты — ұлттық мәдениетті дәріптеу, салт-дәстүрді сақтау және рухани құндылықтарды нығайту.

4 шілде

10:00 — «Күмбірле, қоңыр домбыра!» мерекелік концерті (Family Park);
11:00 — Ұлттық домбыра күніне арналған концерттік бағдарлама («Самғау» даму және шығармашылық орталығы);
15:00 — «Күй құдіреті» әдеби-музыкалық кеші (Жетісу аудандық кітапханасы);
19:00 — «Домбыра — дастан» мерекелік концерті («Алатау» дәстүрлі өнер театры алдындағы алаң).

Фото: Алматы әкімдігі

5 шілде

10:00 — 50 домбырашының қатысуымен флешмоб (Нұркент шағынауданы, 7);
11:00 — «Күмбірле, домбыра, жасай бер, Астана!» мерекелік концерті (Арбат, Жібек жолы көшесі, 100);
11:00 — Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт (Орталық мәдениет және демалыс саябағы);
16:00–20:00 — «Айнабұлақ» саябағында өтетін Dombyra Fest отбасылық фестивалі. Бағдарлама аясында шебердің сабақтары, интерактивті алаңдар, халық шеберлерінің көрмесі, фотозоналар және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады;
17:00 — «Күй күмбірі» флешмобы.

Сонымен қатар Түрксіб ауданының қоғамдық кеңістіктерінде 15 домбырашының қатысуымен түсірілген Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік бейнеролик көрсетіледі.

Фото: Алматы әкімдігі

6 шілде

15:00 — 100 домбырашы қатысатын флешмоб (Шұғыла шағынауданы, 347);
17:00 — мерекелік концерт (Амфитеатр);
19:00 — «Ұлы дала үні» фильмінің көрсетілімі (Амфитеатр).

Еске салайық, Астанада балалар Домбыра күніне орай челлендж бастады.