Гүлнұр Мұқажанованың өзі Берлинде тұрады. Қолөнер шебері киізбен жұмыс істейді. Түрлі-түсті жүн мен жібектен жасалған киізді қолдана отырып, текстура және кеңістікті нағыз шеберлікпен үйлестірілген күрделі композицияларды жасайды.
«Үміт шуағы» деп аталатын көрмеге 20-ға жуық жұмысы қойылды. Келушілер, әсіресе, киізден жасалған туындысына қызығушылық танытып жатыр.
«Үміт шуағы» көрмесі – бұл қалыптасқан әрі қазіргі заманғы Қазақстанға деген сыни көзқарас турасында. Бұл көрме – жеке жоба емес, бұл менің мән-мағына іздеу жолындағы тәжірибемнің бір бөлігі. Өз жұмыстарым арқылы мен үміт туралы айтып отырамын, өйткені ешнәрсеге қарамастан, сол үмітті жоғалтқым келмейді», – дейді Гүлнұр Мұқажанова.
Алматыдағы көрме үшін Гүлнұр өзінің 16 метрлік киіз суретінің жалғасын жасап шығарды. Онда еліміздің өткені, бүгіні және болашағы әртүрлі түстер арқылы өріледі. Алдымен суреті салынып, одан кейін үстіне киіз түскен.Тақырыпты тағы 16 картина жалғайды. Осылай инсталляцияның ұзындығы 41 метрге жеткен.
«Менің шығармашылығым еліме арналған. Ата-бабаларымыздан жеткен бай мұраны әлемге танытқым келеді. Түсіне білген адамға әрқайсысында мағына жатыр. Әрбірі мәдениетімізбен салт-дәстүрімізден хабар береді. Шет жерде болсын, осында болсын, қызығушылық танытып, сұрап жатады»,- деді ол.
Галерея директоры Меруерт Қалиеваның айтуынша, жұмыс күрделі және ерекше.
«Суретші киізді инсталляция деңгейіне жеткізе білді. Түрлі-түсті жүн мен матаны, теріні қолдана отырып жасалған күрделі композициялардың бояуы ерекше. Бір түстен келесі түске өтуде өзіндік қолтаңба қалыптастырған. Осындай шығармалар арқылы халқымыздың тарихы мен мәдениеті сақталады», – деді ол.
Жас суретші бұған дейін Гонконг, Берлин, Лондон, Венеция сияқты бірнеше қалада өткен үлкен көрмелерге қатысқан.