Оның сөзінше, Рысқұлов даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстарын аяқтау үшін 5 млрд теңге қарастырылады. Ал Райымбек даңғылын Шығыс айналма автомобиль жолына дейін ұзартуға тағы 5 млрд теңге жұмсалмақ. Одан бөлек Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін жеткізу үшін 500 млн теңге бюджеттен бағытталады.
Бауыржан Құдайбергенов жыл соңына дейін «Ақжар» және «Теректі» шағын аудандарындағы жол құрылысын аяқтау жоспарланғанын айтты. Біріншісіне 2,7 млрд теңге, ал екіншісіне 650 млн теңге бөлінеді.
Қоғамдық көлікті, оның ішінде автобус тасымалдары мен метрополитенді субсидиялауға да қосымша қаражат қарастырылған. Оның ішінде автобустарға 10 млрд теңге, метрополитенге 2 млрд теңге бағытталады.
Қала шекарасындағы көше кеңейтіледі
Сондай-ақ сессия барысында мәслихат депутаттары Қилыбай Медеубеков (бұрынғы Карьерная) көшесін реконструкциялау жұмыстарына байланысты сұрақ қойды. Олар батыс бағытта қала мен облыс шекарасын бөліп жатқан көше қалай түрленетінін сұрады. Оған Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов жауап берді.
Оның сөзінше, Медеубеков көшесін Райымбек даңғылынынан Абай даңғылына дейін жаңғырту жобасы аясында оны 4 жолаққа дейін кеңейту жоспарланған. Қамтылатын жол ұзындығы — 3,3 км. Жоба аясында тротуар, веложол және көшені жарықтандыру қарастырылған.
— Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты қосу мәселесін қосымша қарастырамыз. Бұл көшені кеңейту — Абай даңғылы мен ұзартылып жатқан Төле би, Жұбанов көшелерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Ал Алматы әкімі Медеубеков көшесі бұрын облыс қарамағында болғанын, бірақ қазір қаланың меншігіне өткенін мәлімдеді. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды Абай, Рысқұлов, Саин, Тілендиев көшелерін Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына дейін ұзарту үшін облыс аумағында жұмыстар да қала бюджетінен қаржыландырылатынын атап өтті.
— Себебі бұл қала үшін көбірек қажет, — деді әкім.
Еске салайық, бұған дейін мәслихат отырысында Алматы әкімі Барлық базарына дейінгі метро желісінің құрылысы басталғанын айтқан еді.