Алматыда 24-27 шілде аралығында Туризм және спорт министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді. Турнирде қазақстандық спортшылармен қатар Аустралия, Әзербайжан, Гонконг, Израиль, Үндістан, Индонезия, Ирак, Иран, Қатар, Қытайлық Тайбэй, Корея Республикасы, Малайзия, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Жапонияның өкілдері бақ сынайды.
Қазақстан құрамасының сапында әртүрлі жас санаттарында өнер көрсететін 82 теннисші ел намысын қорғайды.
Турнир Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен World Table Tennis (WTT) ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылады.
Жарыс халықаралық жасөспірімдер сериясының күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан қатысушылардың көрсеткен нәтижесі әлемдік рейтингті қалыптастыру кезінде ескеріледі.
Спортшылар 11 және 13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы жекелей сында, сондай-ақ 15 және 19 жасқа дейінгі аралас жұптар арасындағы сайыстарда жүлделерді сарапқа салады.
Жарыс ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде (Нұркент шағынауданы, 14Б) өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Байрақты бәсекені SportPlus Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұдан бұрын әлемнің үздік теннисшілері 2027 жылы Астанада бас қосатынын жазған едік.