23 мамырда алғаш рет «Almaty Glow Ride» велошеруі өтеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, ауқымды іс-шара спортты, салауатты өмір салтын және белсенді демалысты насихаттауға бағытталған.
Іс-шараны өткізуге байланысты 23 мамыр сағат 20:00–ден 23:30–ға дейін Төле би көшесінде автокөлік қозғалысы толықтай тоқтатылады. Сонымен қатар сағат 21:45–тен 23:00–ге дейін велошеру қатысушылары колоннасының өтуіне қарай Назарбаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінде екі бағытта уақытша қозғалыс шектеуі енгізіледі.
Велошерудің басталуы сағат 22:00–де Астана алаңында жоспарланған. Қатысушылар Төле би көшесі — Назарбаев даңғылы — Тимирязев көшесі (Алматы қаласы әкімдігі маңы) — Желтоқсан көшесі — Төле би көшесі бағытымен қозғалады.
— Іс-шараға 3000-ға дейін адам қатыспақ. Қатысушылар үшін неонды жарық элементтері, ойын-сауық бағдарламасы, байқаулар мен интерактивті белсенділіктер ұйымдастырылады. Қаладағы көлік қозғалысын толық қалпына келтіру сағат 23:30–ға жоспарланған, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа автобус бағыты ашылды.