Алматыда заңнан тыс қосымша қызмет көрсеткен автосалондар жазаланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алмалы ауданының прокуратурасы қалалық автосалондарға құқықтық тексеріс жүргізді.

Фото: Kazinform

Прокуратураның мәліметінше, қаланың бiрқатар автосалоны клиенттерге жүйелi түрде қосымша қызмет (дабыл жүйесі, автоәйнектердi қараңғылау, төсенiштер және т.б. қосымша ақы төлеуге арналған жабдықтар) жүктеп, сол арқылы олардың құқықтары мен қолданыстағы заңды бұзып отырған.

- Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде Алматы қаласы Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-ын 88 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салумен ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабы 3-1-тармағымен (монополистік қызмет) әкімшілік жауапқа тарта отырып, тергеу жүргізді. Қазіргі уақытта айыппұл толық көлемде төленді, - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.

Прокуратура Қазақстан Республикасының заңнамасымен тұтынушыларға қосымша қызмет көрсетуге тыйым салынғанын ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар тұрғыны автосалонды сотқа беріп, 20,5 млн теңге өндіріп алғанын жазғанбыз.