Алматыда заңсыз көлік жуу орны сүрілді

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Ахмедияров көшесі, 18/58 мекенжайындағы көлік жуу және сервис орталығының сүрілгені туралы хабарлады.

Басқарма мәліметінше, жоспардан тыс тексеріс барысында жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, бұрынғы ғимаратты бұзып, бір қабатты 2 ғимараттың салынып, олар көлік жуу және май ауыстыру бекеті ретінде пайдаланылып жатқаны анықталған.

Фото: Алматы әкімдігі

Нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, ғимараттарды бұзу туралы нұсқама берілген. Ал 2024 жылы 16 қаңтарда басқарма Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аталған нұсқаманы мәжбүрлеп орындату туралы талап арыз берді.

— Сот басқарманың талабын қанағаттандырып, 2024 жылы 20 маусымда Алматы қалалық сотының қаулысымен бірінші сатылы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Бүгінде сот шешімін орындау мақсатында заңсыз салынған ғимараттарды иесі өзі бұзып тастады, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Алматының тау бөктерінде заңсыз құрылыс нысаны сүрілді.