Алматыда заңсыз салынған «Береке» базары бұзылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Гоголь көшесі, 173 мекенжайында орналасқан заңсыз «Береке» базары бұзылды. Бұл туралы Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика бақылау басқармасы хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, меншік иесі базардың сауда орындарын рұқсатсыз салған.

– Жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап-арызды мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа жолдады, - делінген хабарламада.

Фото: Алматы әкімдігі

Сот өздігімен салынған сауда орындарын бұзу туралы шешім қабылдап, кейін бұл шешім орындау үшін Әділет департаментіне жіберілді.

Меншік иесі бірінші сатылы сот шешімін орындау мақсатында нысанды өз еркімен бұзды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Диваев көшесі, 21/1 мекенжайында орналасқан дүкен бұзылғанын хабарлағанбыз.