Алматыда заңсыз салынған дүкен бұзылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда заңсыз нысандармен күрес жалғасып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала құрылысын бақылау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, заңсыз нысан Розыбакиев көшесі, 292 мекенжайында орналасқан.

Жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің тұрғын үйге рұқсатсыз дүкен және дөңгелек жөндеу орнын салғаны анықталды.

Басқарма өкілдері меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылдап, кейін материал Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды. Сот заңсыз салынған құрылысты бұзу туралы шешім шығарды.

Сот шешімін орындау аясында нысанды меншік иесі өз күшімен бұзды.

Бұған дейін Алматыда жыл басынан бері заңсыз салынған 52 нысан бұзылғаны хабарланды.

Еске салсақ, Алматыда заңсыз жарнама құрылымдары да алып тасталған еді.