Алматыда заңсыз салынған тағы бір қосалқы нысан бұзылды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Ақсай-5 шағынауданы, 25-үй мекенжайындағы кезекті заңсыз салынған қосалқы нысан бұзылды. 

Бұған дейін «Ozyurt» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тұрғын емес ғимаратқа қосалқы нысан рұқсатсыз салынғаны анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, материалдар Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

– 2025 жылы 21 ақпанда сот қаулысымен меншік иесі жауапкершілікке тартылып, заңсыз салынған нысанды мәжбүрлі түрде бұзу туралы шешім шығарылды. Бүгін сот шешімін орындау үшін нысан Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен бұзылды, - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда әуежай маңындағы тұрғын үй құрылысы тоқтатылғанын хабарлаған едік.