Алматыда заңсыз жекешелендірілген саябақ мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының прокуратурасы көпқабатты тұрғын үй салу үшін заңды тұлғаға 2,8 гектар жер телімін заңсыз беру фактісін анықтады.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

«Талдау көрсеткендей, 2007 жылы жергілікті атқарушы орган Алматы қаласының Бас жоспарының ережелерін және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын елемей, заңды тұлғаға саябақ аймағы қарастырылған учаскеге жеке меншік құқығын берген.

Кейіннен бұл жер шамамен 2,3 миллиард теңге өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін тәркіленді», — деп жазды бақылаушы органнан.

Уәкілетті орган қадағалау актісін орындау үшін Алматы қаласы әкімінің қаулысын және одан кейінгі азаматтық-құқықтық мәмілелерді заңсыз деп тану туралы талап арыз берді.

2024 жылғы 26 наурызда апелляциялық сатыдағы сот талаптарды толық қанағаттандырды.