Алматыда заңсыз жұмыс істеп келген 11 шетелдік азамат елден шығарылды

Фото: Алматы полициясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз еңбек еткен, сондай-ақ қала аумағында тиісті құжаттарсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтады.

Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылардың бір бөлігі қабылдау-тарату орнына жеткізіліп, бірқатар факті бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.

Екі күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60-тан астам адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылды.

Сонымен қатар тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрған тұлғалар, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзған жұмыс берушілер анықталды.

Жүргізілген іс-шара бір аудан аумағында өткізілді. Полиция алдағы уақытта мұндай тексерулер қаладағы барлық ауданда кезең-кезеңімен ұйымдастырылатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да қос азаматтықпен жүрген 11 адам елден шығарылғанын жазғанбыз.