Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Словения, Түркия, Нидерланд, Канада, Польша және Мажарстаннан 11 маман мен сарапшы қатысты.
Қатысушылар зерттеу реакторларын қауіпсіз пайдалану, персоналды даярлау, техникалық қызмет көрсету, радиациялық қорғау және авариялық дайындық мәселелерін талқылап жатыр.
Өз сөзінде Алмасадам Сәтқалиев заманауи зерттеу инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның атом саласын ұзақ мерзімді дамытудың негізгі шарттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
— Қазақстанның елеулі ғылыми және технологиялық әлеуеті бар. Біздің міндетіміз — оны одан әрі дамыту, зерттеу инфрақұрылымын жаңғырту және оның мүмкіндіктерін атом саласының жаңа міндеттерін шешу үшін пайдалану. Бұл жұмыста АЭХА-мен ынтымақтастық және халықаралық тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие, — деді агенттік төрағасы.
Аймақтық кеңес Алматыда 2026 жылғы 17–21 тамыз аралығында өтеді.
Бұған дейін Қазақстан мен Франция атом энергетикасы бойынша ынтымақтастықты күшейтетінін жаздық.