Алматыда жаңа автобус бағыты ашылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда биыл 27 қарашадан бастап «Спорт сарайы — Медеу спорт кешені» бағыты бойынша жаңа, тұрақты № 21 автобус маршруты іске қосылады. 

Алматының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, бағыттың жалпы ұзындығы — 33,6 шақырым.

Бағытқа «Алматыэлектротранс» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын 15 автобус жолаушыларды тасымалдауға шығады, қозғалыс аралығы — 8 минут. Пайдаланылатын көлік — үлкен сыйымдылықтағы автобустар: 28 отыратын және 85 түрегеп тұратын орын, бұл танымал туристік әрі спорттық бағытта жолаушылар тасымалдауға мүмкіндік береді.

— Автобустар бейнебақылау жүйесімен, салқындатқышпен және мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB-ұяшықтармен жабдықталған. Жүргізуші кабинасына заманауи электронды жүйе орнатылған, оның ішінде жүргізушінің шаршағандығын және іс-әрекетін бақылайтын DMS жүйесі бар, — делінген хабарламада.

Салонда аялдамаларды автоматты түрде жариялау жүйесі жұмыс істейді. Автоматтандырылған хабарлау жүйесін қолдану жолаушылардың жайлылығын арттырып, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімділікті жақсартады және қажетті аялдамадан өтіп кету жағдайын азайту арқылы қауіпсіздікті күшейтеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда заманауи электроавтобустар қызмет көрсететін жаңа № 90 автобус бағыты жұмысын бастағанын жазғанбыз.